Ақтөбеде 17 жастағы бозбала суға батып кетті

суға батты
Фото: Pexels

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы Қарғалы өзеніне 17 жастағы жігіт батып кетті. Құтқарушылар денесін 1,5 метр тереңдіктен алып шықты.

Оқиға бүгін кешкілік Ақтөбе қаласындағы Красная поляна бау-бақша ұжымында болды. 17 жастағы ақтөбелік тыйым салынған аумақта суға түсіп, жағаға шықпай қалған.

— Қарғалы өзеніне батып кеткен жігітті Ақтөбе облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының сүңгуірлері жағадан 10 метр, тереңдігі 1,5 метр болатын жерден тапты. Биыл суға түсу маусымы басталғалы бері екі жазатайым оқиға болды. Екі жағдай да тыйым салынған жерлерде тіркелді, — деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданы ТЖБ бастығы Аслан Арзымбетов.

Еске салсақ, биыл 30 мамыр күні Ақтөбе қаласында 20 жастағы жігіт көз жұмған еді. Ол да Қарғалы өзеніне шомылған. 

Жалпы облыс бойынша суға түсуге тыйым салынған 200-ден астам орын бар.

Онда 300-ге жуық арнайы белгі орнатылды. 

Еске салсақ, былтыр облыс аумағында 11 адам суға кетіп көз жұмды. Оның тоғызы — бала.

Соңғы жаңалықтар