Ақтөбеде 1,8 млн тонна мал азығы дайындалады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл 1 жылға арналған мал азығы дайындалып жатыр. Бүгінде жоспар 1,8 млн тонна болса, оның 1,1 млн тоннасы жиналды.

Ақтөбе облысында 625 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 1,3 млн қой-ешкі мен 377 мың жылқы қыстайды деп жоспарланып отыр. Төрт түлікке қажетті мал азығын дайындау үшін биыл жылдық қор жиналады. Жоспар 1,8 млн тонна болса, шаруалар шөптің көбін орып алды.
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 27 млн гектар. Оның 25 млн гектары – шабындық. Сонымен бірге 460 мың гектардан астам жерде көпжылдық шөп бар. Бүгінде 1,1 млн тонна шөп әзірленді. 4 мың тонна пішендеме де бар. Шөп шабу жұмыстарында 2 мың трактор, 5 мыңға жуық агрегат жұмылдырылды. Ауыл шаушалығы құрылымдарын қолдау үшін 1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бағасы нарықтан төмен. Литрі – 253 теңге, - Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ермек Әділбек.
Былтыр Ақтөбеде 2,7 млн тонна мал азығы әзірленді. Оның 280 тоннасы үнемделді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде 129 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Шаруалар мен фермерлерге алдын ала ескерту беріп, түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Егер мақсатты игермесе, мемлекет қайтарып алады.