Ақтөбеде 2 мың бос жұмыс орны бар

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жол жөндеу, құрылыс, тамақтану орны мен қызмет көрсету саласында жұмысшыға сұраныс бар. Кейбірінің мамандығы сәйкес келмесе, кейбірі жалақысын азсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 2 мың бос жұмыс орны бар

Ақтөбеде денсаулық сақтау, білім, тау-кен өндіру, ауыл шаруашылығы саласына түрлі білікті маман қажет. Бұл туралы Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бисенғалиев «Ақтөбе» телеарнасының «Сәті түскен сұхбат» бағдарламасында айтып берді. Маманның мәліметіне сүйенсек, былтыр Жастар тәжирибесімен еңбекке араласқандардың 80% астамы қызметке тұрақты орналасты.

«Халықты жұмыспен қамтуда «Еңбек« бағдарламасының көмегі көп болды. Бұл жұмыспен қамтуға, жұмыссыздардың кәсіппен айналысуына септігін тигізді. Өткен жылы 56 мыңнан астам адам түрлі бағдарламаларға тартылды. Атап айтқанда 1380 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Ал 1500 адам «Бизнес бастау« жобасының мүмкіндігін пайдаланды. Оның 600-ден астамы қайтарымсыз грантқа ие болып, 40-ы шағын несие иемденді. Былтыр қайтарымсыз грант 200 АЕК көлемінде берілгені белгілі. Сонымен бірге бос жұмыс орындарына 34 мыңнан астам адам орналастырылды. Бұдан басқа уақытша сипаттағы әлеуметтік жұмыс орындарына 11 мыңнан астам тартылды. 1700 адам әлеуметтік жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесіне 2500-ден астамы барды. Сонымен бірге Ұрпақтар сабақтастығы және Алғашқы жұмыс орны жобасы бар. Алғашқысына 88, кейінгісіне 90 адам тартылды. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады»,- Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бисенғалиева.
Қазіргі кезде Ақтөбеде 2 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Ал жұмыссыздар 21 мыңнан асады. Олар зейнет жасына жақындаған адамдар, жастар мен орта жастағы ақтөбеліктер.
«Биыл мемлекеттік бағдарламаларда өзгеріс бар. «Күміс жас« аясында зейнетке жақындаған адамдар еңбекке араласады. Ал көпбалалы отбасы, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар 1 млн теңгеден астам қаржы қайтарымсыз грант иелене алады»,- деді Бибігүл Бисенғалиева.