Ақтөбеде 2 мыңнан астам бала шеруге қатысты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өткен мерекелік шеруге 2 мыңнан аса бала мен жасөспірім қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған, «Мәңгілік ел» идеясын насихаттайтын шараға орта мектеп, колледж жастары мен балабақша балалары қатысты. Олар спортта, өнерде үздік оқушылар. Рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие беруді көздеген шеру шығармашыл, спортта дарынды жастарды да жинады. «Балалар бұл күнге үлкен дайындықпен келген. Олар би билеп, скрипкада ойнап, домбыра тартты, халыққа рух беретін әндерді орындады. Қала оқушылары ғана емес, Мәртөк, Алға, Қарғалы аудандарының да жастары келіп, өнерлерін көрсетті»,- деді облыстық білім басқармасы басшысының бөлім басшысы Батима Айтбаева.
Айта кетейік, шеру кезінде «Адай» күйі тартылып, «Өз елім менің» әні орындалды. «Балалардың көріп, олар үшін мақтанып отырмыз. Біздің ұрпағымыз саналы, білімді, дарынды, алғыр. Олардың бәрі де ата-ананың ғана емес, елдің мақтанышы, қуанышы. Балалар көше боймен жүріп өткен кезде қатысушылар да, көрермендер де жақсы әсер алды. Еліміздің тыныштығы, қуанышы бұзылмасын»,- деді ардагер ұстаз Айнагүл Асанқызы.

