Ақтөбеде 20 шақты сақалды құрылыстың мәселесі қалай шешіледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Құрылысы ұзаққа созылған нысандар арасында мектеп, мектеп-балабақша, спорт кешендері мен емдеу орны бар. Ал көпқабатты үйлер мәселесі 2017-2018 жылдардан бері жалғасып келеді.

Мектеп пен спорт кешендерінің жайы
Ақтөбе облысындағы барлық құрылыс жұмыстарының құны 468 млрд теңгені құрайды. Бұған әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, жол секілді саланың бәрі кіреді. Бүгінде қаржының 212,7 млрд теңгесі игеріліп тұр. Статистика осы.
Тұрғын үйге келер болсақ, жоспары — 1 млн шаршы метр. Бұл дегеніміз — жеке үйлер мен мемлекет сатып алатын баспаналардың жалпы ауданы. Қазіргі кезде 501 шаршы метрі қолданысқа берілді.
Сонымен бірге 124 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр, тағы 56 жобалық-сметалық құжат әзірленді. Құрылыстың ішінен проблемалар нысандарды бөліп алсақ, олардың саны — 7.
— Ең біріншісі — Шилісайдағы мектеп. Бұл жерде бастапқы мердігермен арада келісімшарт үзіліп, жаңа мердігер жұмысты аяқтайды. «Babek Qyrylys» ЖШС-і қазір ішкі әрлеу, жол салу, аббаттандыруға жауапты. Негізі бұл мектепте құрылыстың 95% аяқталған. Бірақ бірнеше жылға созылған соң кейбір сылақ жұмыстары түсіп, қайта қалпына келтіруді талап етті. Жоба құны — 1,7 млрд теңге. Бүгінде құрылысты аяқтауға 40 млн теңге жұмсалып жатыр. Өзгенің бастаған ісін аяқтауға көп компания келіспеді, — деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.

Шилісай ауылындағы мектеп құрылысы 2018 жылы басталып, жобалық-сметалық құжаты қайта жасақталған.
Құрылыс жыл соңында аяқталып, балалар үшінші тоқсанда осы білім ордасына баруы тиіс. Әзірге оқушылар өзге білім ордаларына тасымалданып жатыр.
— Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында мектеп-балабақша құрылысы тоқтап тұр. Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Алайда мердігер тек жерді қазып, құрылыс материалдарының бір бөлігін тасымалдап қойды. Ол жұмыстарға 74 млн теңге бөлініп, игерілген. Қазіргі кезде келісімшарт үзіліп, жобалық-сметалық құжатқа түзету енгізілді. Әзірге жаңа мердігер анықталмады. Тағы бір құрылыс — Темірбек Жүргенов ауылындағы спорт кешені. Мұнда да жобалық-сметалық құжатына түзету енгізіліп, бассейнді қоса салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге кейбір құрылыс бөлігі тозған. Ішкі бөлігіндегі тақталары, сыртқы қасбетіндегі қаптамалары ауыстырылады, тірек темірлер тоттан тазартылады. Мұнда да жаңа құрылыс компаниясы келді. Биылға 167 млн теңге бөлінді. Келер жылы қолданысқа беріледі, — деді Аслан Жарасбаев.

Сонымен бірге Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы Самал шағын ауданындағы мектеп құрылысы да әлі аяқталмады.
Мұндағы құрылыс 2021 жылы басталып, бүгінге дейін жалғасып жатыр.
— Келесі жылы құрылыс бітеді. Мұнда да мердігер жұмысты уақытылы жүргізбей, кейін жобалық-сметалық құжатына өзгертулер енгізілді. Қайта есептеліп, қазір құрылысты жалғастырып жатыр, — дейді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
Мұғалжар ауданында Ащысай мектебі де проблемалық нысан қатарында. 60 орындық мектеп құрылысы 2019 жылы басталып, бүгінге дейін созылды. Мердігер ішкі әрлеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауы тиіс.
Сонымен бірге Ақтөбе қаласы Алтын орда шағын ауданындағы мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінге дейін жалғасып жатыр. Мұнда да жоба құны — 1,7 млрд теңге. Нысан құрылысы биыл аяқталады.
Ал «сақалды құрылыс» қатарындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансер енді инфекциялық корпусы бар облыстық аурухана болады. Жобалық-сметалық құжатқа түзету енгізіліп жатыр. Құрылыстың басталғанына 10 жылға жуықтады.

Құрылысы ұзаққа созылған көпқабатты үй саны — 12
Әлеуметтік нысандарға қарағанда проблемалар тұрғын үйлердің мәселесін шешу қиынға соғып тұр.
Себебі алдымен компания басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалып, үкім заңды күшіне енген соң құрылыс жүргізілген аумақтағы жерді мемлекетке қайтару жұмысы жүргізіледі. Демек алдымен қылмыстық, кейін іс экономикалық сотта қаралады.
— Ақтөбе облысында үлестік құрылыстың 12 нысаны бар. Қазіргі таңда 8 қылмыстық істе сот прокурордың талабын қанағаттандырды. Сонымен бірге бір іс, яғни, «Стройсервис-Регион» тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысты талап арызы сотта қаралып жатыр. Тағы үш талап арыз сотқа дайындалып жатыр. Негізінен көп үй 2017-2018 жылдары салынған. Қазіргі кезде мердігерлер 6-9 жылға сотталып кетті, — деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Айдос Жоламанов.
Ақтөбеде үлескерлер мәселесін шешу, құрылысты аяқтау үшін 2023 жылы «Ақтөбе құрылыс компаниясы-2023» ЖШС құрылды.
Ереже бойынша тұрғындардың, үлескерлердің өтініші Ақтөбе облысы әкімдігіндегі ведомствоаралық комиссияда қаралады. Егер комиссия нысанды проблемалық деп таныса, құжаттар «Ақтөбе құрылыс компаниясы-2023» ЖШС-не жіберіледі.
Кейін құрылысты серіктестік бақылауына алып, істің сот сатыларынан өткенін күтеді. Іс аяқталып, үкім заңды күшіне енген соң құрылысты аяқтау жолы қарастырылады.
— Бұған дейін «Тұрғын үй құрылысы үлестік қатысу туралы» Заңында 2-3 қабатты тұрғын үйлер мәселесі кірмеді. Тамыз айының соңында бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Енді бұл құрылыс да бақылауда болады. Қазіргі кезде тәуекелде тұрған 2-3 нысан бар. Біреуінің құрылысы аяқталды. Жалпы проблемалық тұрғын үйлердің құрылысын 2026-2029 жылдары аяқтау жоспарда, — дейді Айдос Жоламанов.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбе облысы бойынша құрылысы аяқталмай, кідіріп қалған 31 нысан болды. Оның 8-і мектеп.