Ақтөбеде 200-ге жуық адам ұлттық киіммен көшеде жүріп өтті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ұлттық киім күні Ақтөбеде 200-ге жуық адам ұлттық киім киіп, Абай даңғылымен жүріп өтті.
Ақтөбе облысында Ұлттық киім күні мемлекеттік және бюджеттік сала мекемелерімен қатар кәсіпкерлік саласында да ұлттық киімге басымдық берілді.
Қазіргі кезде оқушылардың бәрі сабаққа ою-өрнегі бар киім киіп жүр.
Бүгін 200-ге жуық ақтөбелік ұлттық киімді насихаттау мақсатында Абай даңғылымен жүріп өтті.
Онда бас киім және оның түрлері, жасы мен жынысына қарай ерекшеленетін киімдердің мән-мағынасы аталып, түсіндірілді.
— Ұлттық киім күні Ақтөбе қаласының 155 жылдығын да атап өттік. Осы күні қазақтың 155 ұлттық киімін насихаттау үшін «Ұлт келбеті» атты марафон ұйымдастырдық. Абай даңғылымен жүріп өткенде киім түрлері мен сипаттамасы таныстырылып, концерт те өтті. Марафонға түрлі мәдениет ошақтарындағы 100 қызметкер мен оқу орындарындағы 100-ге жуық студент келді, — деді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бейсенғалиева.
Қаланың орталығына жиналған топ ән салып, ақ кимешек киген әжелер мен ақсақалдар бата берді.
— Наурыз — қазақтың жаңа жылы. Кішкентай кезімізде 14-наурызда үй аралап көрісіп жүретін едік. Сол кезде үлкендер тәтті беріп, қуанып қалатынбыз. Қазір дәстүр қайта жаңғырып жатыр. Өзіміз ұлттық киімді наурыз айының басынан бастап киіп жүрміз. Өзімнің төрт балам бар. Бәрі де ұлттық киім киіп жүр. Олар да енді түсініп, қабылдап жатыр. Болашақта жалғастырады деп ойлаймыз, — дейді «Геолог» мәдениет үйінің суретшісі Нұрлан Молдағалиев.