Ақтөбеде 24 адамды кене шақты

кене
Фото: pixabay

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 24 адамды кене шақты. Эпизоотиялық бақылау мақсатында қазір кене жинау жұмысы жүріп жатыр.

Ақтөбеде кене шаққан 24 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Олардан ауру белгілері анықталмады. 

- Кене шаққанда туляремия, Конго-қырым қанды безгегі аурулары жұғуы мүмкін. Ақтөбе облысының аумағы Конго-қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасы бойынша эндемиялық аймаққа жатпайды. Дегенмен Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Барлығы 38 елдімекен осы аумақта орналасқан. Сондықтан эпозоотиялық бақылау мақсатында кене жиналып, зерттеледі. Қазіргі кезде 1100 кене жиналды. Осы аумақта өңдеу жұмысы да жүреді,- деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Туғанай Нұрғалиева. 

Кене шаққан адам тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаға баруы тиіс. Сол кезде 21 күн бақылауда болады. Сонымен бірге кенені зертханаға тапсыру керек.

Соңғы жаңалықтар