Ақтөбеде 2555 теңгенің дауынан соң мерт болған жігітке қатысты сот болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 32 жастағы Әсет Оразбайдың өлімімен аяқталған қылмыстық іске қатысты сот отырысы басталды. Дәмханада тамақтанып, ішімдік ішкен сыныптасы 2555 теңгені төлемей, көлікке мініп, кетіп қалған. Арты Оразбайдың қайғылы өлімімен аяқталған оқиғаға қатысты отырыс өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 2555 теңгенің дауынан соң мерт болған жігітке қатысты сот болды

Ақтөбе қаласындағы дәмханалардың бірінде болған қылмыстық оқиға туралы бұған дейін жазылған болатын .  Бүгін қылмыстық іс сотқа түсті. Жәбірленуші Гүлнар Оразбаева күйеуі Әсет Оразбайдың қасақана өлтірілгеніне сенімді. «Оны 500 метрге дейін сүйреп кеткен, баламыздың үлкені 7 жаста. Кішкентай егізіміз 2 жасқа толды. Ортаншысы 5 жаста. Қазір амалсыздан жұмысқа шықтым. Еден жуушы болып жүрмін»,- деді Гүлнар Оразаева.

Сот отырысы кезінде жәбірленуші тараптан қатысуға келген адамдар залға сыймады. Судья Алданов жәбірленуші мен айыпталушыларға құқықтары мен міндеттерін түсіндірді.

«Наурыз айында сағат 19:00 шамасында айыпталушы Марат Абдуллин әріптесі Артур Берекетовпен кафеге барып, спирттік ішімдік ішеді. Сол кафеде олар жұмыс істеп жүрген, бірнеше жыл көрмеген танысы Әсет Оразбайды кездестіріп, бірге отыруға ұсыныс жасайды. Оразбай ұсыныстан бас тартып, екі саптыаяқ сыраны тегін берген. Дегенмен тапсырыстың ақшасы толық төленбеген. 2555 теңгені бермей, есепті толық өтемеген олар дәмхана ішіндегі даяшыны балағаттап, есептеспей кететінін айтқан. Сол уақытта Артур Берекетов кепіл ретінде жеке куәлігін тастап кетуді ұсынады. Кейін екеуі кафе алдындағы көлікке мінеді. Абдуллин жүргізіп келген көліктің руліне Берекетов отырған. Сол кезде Әсет Оразбай көлікке жармасып, сүйретіле жүрген, көлікті тоқтатуды сұраған. Жүргізуші жылдамдықты басқан кезде құлап, оқиға орнында қаза тапты»,- деді мемлекеттік айыптаушы Жеңіс Сариев.

null

Айта кетейік, Марат Абдуллин Қылмыстық кодекстің «бұзақылық», ал Артур Берекетов «абайсызда кісі өлтіру» баптары бойынша айыпталып жатыр. Екеуі де көлікке мінген күйлері оқиға орнынан кетіп қалған. Арада 10-15 минут өткенде полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстады.

Екі айыпталушы да тағылған айыппен толық келісіп, қаза болған Әсет Оразбайдың туған-туыстарынан кешірім сұрады. Сот-медициналық сараптама нәжижесінде 32 жастағы Әсет Оразайдың ашық бас-ми жарақатын алғаны, маңдай, самай, желке тұсы соғылғаны, қан құйылып, жұлыншағы сынғаны бергілі болды. Сот отырысы жалғасып жатыр.