Ақтөбеде 26 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында биыл 26 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпорындардың бір бөлігі пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 26 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр

Биыл Ақтөбе облысы экономикасына 410 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 19,5% шетелдік инвестиция құрады.

Осы жылы жоспарланған жобаның жетеуі іске қосылды. Оған 54,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Олардың қатарында «ARM wind» ЖШС «Бадамша-1» жел электр стансасы, ​ «Көктас Ақтөбе» АҚ құрылыс материалдары мен силикат кірпіш өндіретін зауыты, «Alina Holding» ЖШС қатты-ұнтақ толтырғыш шығаратын цехы, «Milker» ЖШС құрама жем зауыты бар.

«Инвестиция тарту жұмысы 2021 жылы да жалғасады. Соның ішінде құны 150 млрд теңгеге 18 жоба жүзеге асырылмақ. Сөйтіп 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.