Ақтөбеде 26 жыл темекі шеккен азамат акцияның арқасында теріс әдетінен арылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Тұңғыш Президент атындағы саябақта бүкіләлемдік темекіге қарсы күн аясында кең ауқымды акция өтті.
None
None

Шара аясында «Темекіні таста да сыйлық ұт!» байқауының қорытындысы шықты.

Байқауға 20 жуық ақтөбелік қатысты. Жыл басынан олар дәрігерлердің көмегімен теріс әдеттен арылуға әрекеттенді. Көпшілігі діттегеніне жетті. Осындай белсенділердің қатарында ағайынды альпинистер Жарасбаевтар бар. 26 жыл шылым шеккен үлкені Асылбек Жарасбаев бұл әдетінен арылды.

- Теріс әдетімнен арылғаныма қуаныштымын. Дәрігер психологтарға, мамандарға алғысымды білдіргім келеді. Бастапқыда өте қиын болды. Маған, альпинист ретінде темекі мол кедергі келтірген, - деді А.Жарасбаев.

Акция қорытындысы бойынша 4 белсенді қатысушыға «Чайка» бассейніне 3 айлық тегін абонемент берілді. Тағы 6-ы спорттық жабдықтармен марапатталды.

- Шылым тарту - адамның денсаулығына әжептәуір зиян келтіреді. Қатерлі дерттердің 75 пайызы алкоголь және табак өнімдерімен байланысты екені дәлелденді, - деді салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Дәмеш Қайдарова.

Д.Қайдарова сонымен бірге облыста спортты дамыту оң жолға қойылғанын, ерлер арасында темекі шегетіндердің саны азайып жатқанын, 2012 жылмен салыстырғанда әйелдер арасында темекі шегетіндердің қатары 7-ден 12 пайызға артқанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар