Ақтөбеде 3 үшауысымды және 5 апатты мектеп бар

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жаңа оқу жылында Ақтөбеде үш үшауысымды және 5 апатты мектеп жұмыс істейді. Ал су тасқыны болған ауыл балаларының кейбірі сабақты қашықтан оқиды.

Школа мектеп
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

2024-2025 оқу жылында Ақтөбе облысындағы 433 мектепте 180 мыңнан астам бала білім алады. Оның 18 мыңнан астамы бірінші сыныпқа барады. Облыста әлі де үш үшауысымды және 5 апатты мектеп бар.

Үш ауысымды мектептің бәрі Ақтөбе қаласында орналасқан. Ал апатты мектептер Темір, Қобда, Шалқар, Мұғалжар аудандары мен Ақтөбе қаласында тіркеліп тұр.

Ақтөбе облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, су тасқыны кезінде өңірде 14 білім беру ұйымы зардап шекті. Оның 6-ы балабақша, 7-і мектеп және біреуі интернат. Барлығы 6 білім беру нысаны жаңа құрылысты қажет етеді. 8 білім беру нысанына жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде тек 1 нысанда жөндеу жұмысы аяқталды. Өзгесі жаңа оқу жылына дайын болады. 

- Жаңа білім беру нысандарын салу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлінді. Ырғыз ауданы Нұра ауылындағы мектепті жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен салып жатыр. Осы Т.Жүргенов атындағы орта мектеп оқушылары қашықтан оқиды. Ал Ойыл ауданы Екпетал ауылындағы мектеп оқушылары аудан орталығындағы колледж ғимаратында білім алады. Барлығы 52 бала,- деді Нұргүл Бертілеуова. 

Ақтөбе облысындағы барлық мемлекеттік мектепте бейнекамера бар. Биыл 72 мектепке «Алақан» бірыңғай жүйесі, 171 мектепке дейінгі ұйымға биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізіледі.

- Мектептерді лицензиясы бар күзет қызметінің қызметкерлері күзетеді. Ақтөбе облыстық Білім басқармасы күзетшілердің жасына қатысты ұсыныс айтты. Бірақ компанияның ішкі жұмысына араласпайды. Жасына, кәсіби біліктілігіне қатысты талаптарды бірлесе шешу керек деп есептейміз,- деді Нұргүл Бертілеуова.