Ақтөбеде 300-ден астам отбасы заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алған
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту бөліміне жалған құжат тапсырып, атаулы әлеуметтік көмек алған отбасылар арасында кәсіпкерлер де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласында табысын жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті алған 334 отбасы анықталды. Олар 24 миллион теңгені кері қайтарды.
«Үйім жоқ, 6 балам бар, мемлекеттен көмек керек деп бір әйел арыз жазған болатын. Көрсеткен мекенжайына барғанда дерек расталды. Сондықтан оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Кейін депутаттар өткізген қоғамдық қабылдауда ол байқаусызда 11 ықшам аудандағы үйінің мекенжайын жазған. Үй ауласында 2 КаМАЗ, 1 жеңіл көлік, екіқабатты үй, дүкен тұр екен», - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова.
Тағы бір ақтөбелік екі мекенжай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алып отырған. Ол Алға аудандық және Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту бөліміне құжаттар тапсырған. Заңсыздық анықталып, отбасы 468 мың теңгені кері қайтарды.
«Бір тоқсан бойы 70-ке жуық кәсіпкер табысын жасырып, жәрдемақы алып отырды. Барлығы өз еріктерімен бюджет қаржысын кері қайтарды», - деді Мақпал Тұрмағамбетова.