Ақтөбеде 318 нысан «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істеп тұр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік кәсіпкерлер мен мәдени орындар «Ashyq» қосымшасын рәсімдеу үшін 400-ден астам өтініш берді. Қазір оның 318-і мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысында «Ashyq» жобасына қатысушылар саны артып келеді. Бүгінде 318 бизнес нысаны мен ұйым еш кедергісіз жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова айтты.
«Бүгінде 262 нысан «Ashyq» жобасына қатысушы болып саналады. Ал 56-сы тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Бұл бизнес субьектісі ғана емес, театр, мәдениет үйлері мен концерт залдары. Ақтөбе облысы әкімдігінің сайтында жобаға қатысушылардың тізімі күн сайын жаңартылып отырады. Жобаға қатысу ерікті. Кәсіпкерлер infokazakhstan.kz сайты арқылы QR-кодты алу үшін өтінім береді. Сұрақтар туындаған жағдайда біздің мамандар кеңес беруге және өтінім жіберуге көмектеседі. «Ashyq» мобильді қосымшасының қолданысы өте оңай. Клиент қосымша арқылы QR-кодты енгізеді. Келушінің қай топқа жататынын бірден білуге болады. Келушілер статусын анықтау базасы ПТР зертханасының бірыңғай интеграциялық порталы және Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы COVID-19-ды бақылау орталығы ақпараттық жүйелерімен біріктірілген», - деді кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша «Ashyq» қосымшасы бойынша мейрамханалардың жұмысына рұқсат берілген. Тек ұжымдық іс-шара өткізуге болмайды. Ал ас беру кезінде адам саны шектеулі болуы тиіс.