Ақтөбеде 32 үй апатты жағдайда тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында 32 апатты үй бар. Олардың 26-ның жағдайы әзірге не болары белгісіз. Ал 6 үй бойынша құрылыс, сатып алу жұмысы жүріп жатыр.

Ақтөбе қаласындағы апатты үйлер өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған. Олардың бәрі 2-3 қабатты үйлер.
- Қазіргі кезде «Стройстандарт» ЖШС-і 5 тұрғын үйдің адамдарына арнап үй салу жұмысын бастады. Сонымен бірге «Хиба-Наз» ЖШС-і бір апатты үйді сүріп, орнына қайта салады. Биыл қала әкімдігі М.Тынышпаев көшесінде орналасқан 8 пәтерлі үйді реквизициялау тәртібімен сатып алады. Осылай 6 көппәтерлі тұрғын үйді бағалау тәртібімен аламыз, - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Ақнұр Қазбаева.

Ақтөбе қаласы Тілеу батыр көшесіндегі №13 үйдің тұрғындары демеушіні өздері іздеді. 2020 жылы тауып, екі арада келісім жасалды. Үйді салып беруге уәде еткен құрылыс компаниясы алғашында тұрғындардың жалдамалы пәтер ақысының бір бөлігін өтеді. Сол кезде пандемия басталып, құрылыс компаниясы да уәдесінде тұра алмады. Екі аралықта «далада қалған» ақтөбеліктер төрт жыл бойы әкімдікке айтып, демеуші тауып алды.
- Біз 35 отбасымыз. Арамызда көпбалалы аналар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы, мүгедектер де бар. Алғашында мердігерге сеніп, біріміз туысымыздың үйін паналап, біріміз пәтер жалдап кеттік. Бірінші келісім бойынша салынбайтын болған соң әкімдерге ұсыныс жасадық. Осылайша 4 жылдан астам уақыт өтті. Биыл ғана демеуші табылып, кездесу өтті. Мен осы үйдің тұрғындарына банктен есепшот ашып, қосымша ақша жинауға ұсыныс айттым. Бәрі де қазір қаржы жинап жатыр, - деді Тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы Сағынбай Қуанышов.
Айта кетейік, келісім бойынша құрылыс компаниясы 1-3 бөлмелі пәтерді тегін береді. Тұрғындар үшін ескі үйдегі әр шаршы метрі сақталады. Егер ауданы үлкен пәтер алғысы келсе, қосымша ақы төлеп, келісімшартқа қол қояды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе қаласында 36 апатты үй болды. Құрылыс компаниялары олардың орнына жаңасын салу ұсынысына қызықпай отыр.