Ақтөбеде 35 адам шағын несие алады
Бұл жолы қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары тұрғындар көп жиналатын облыстық жұмыспен қызмет көрсету орталығының ауласында осындай кездесу өткізді.
«Қамқор» акциясы аясында орталық мамандары қала тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалардың барлық бағыттарын түсіндіріп, ақпараттық жұмыстар жүргізді.
- Халыққа мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін осындай акция түрінде, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, тренингтер мен дөңгелек үстел отырыстарын ұйымдастыру арқылы түсіндіріп жүрміз. Мақсатымыз - жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және аз қамтылған азаматтарды «Жұмыспен қамту - 2020» және «Өрлеу» бағдарламаларына қатыстыру арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру әрі қала тұрғындарын мемлекеттен көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлерімен ақпараттандыру. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының шағын несие алуына мол мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні қала бойынша 600 бос жұмыс орындары ұсынылуда. Қазір Ақтөбе қаласында 800-ден астам азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Олардың арасында жас мамандар да бар. Оларды біз жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша жастар тәжірибесіне жібереміз. Жұмыссыздардың қатарында зейнеткерлік жасқа шығуға 2-3 жылы қалған азаматтар мен азаматшалар бар. Мұндай жандарды қоғамдық жұмыстарға тартамыз, - дейді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева.
Бүгінгі күні қала бойынша «Өрлеу» бағдарламасына 200-ден астам адам қатысуға ниет білдірген. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының шарапатын да ақтөбеліктер сезінуде. «Биыл 35 адамға «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие беріледі. Несие қаражатының мөлшері - 135 миллион теңге. Бұл - ауыл тұрғындарына халыққа қызмет көрсету саласында кәсіп ашуға берілетін несие. Бүгінгі таңда 17 адам 43 миллион теңге көлемінде несие алды, қалғандарының құжаттары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалында қарастырылып жатыр», - дейді Г.Қаңтарбаева.
Мұндай акция бұған дейін «Шығыс» базарында өз бастауын алған еді.
Акция барысында белсенділер жұмыспен қамту органдарының қызметі туралы парақшалар, буклеттер таратты.