Ақтөбеде 4 қызын өзі асырап отырған оралман әке Қазақстан азаматтығын алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге 6 жыл бұрын келген Махмуд Күлжұмыров Қазақстан азаматтығын алды. Енді ол өзіне жеке кәулік, балаларына жәрдемақы рәсімдей алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 4 қызын өзі асырап отырған оралман әке Қазақстан азаматтығын алды

Ақтөбе қаласындағы саяжайлардың бірінде бір бөлмені жалға алып отырған Махмуд Күлжұмыров пен оның 4 қызы туралы бұған дейін жазған болатынбыз . Ақерке, Әсемгүл, Айсұлу, Жанат есімді төрт қыз бір-бірін бағады, сабақтарын өздері оқиды. Оқушылардың сабақ үлгерімі жақсы. Тек аналары 2 жыл бұрын Өзбекстанға кетіп, содан оралмады. Отағасы Махмуд Күлжұмыров уақытша жұмыссыз отыр.

Айта кетейік, Күлжұмыровтарға жергілікті әкімдік көмектесті. Ал Елек  полиция бөлімі оралманның құжаттарын жинап, оның Қазақстандағы Өзбекстан елшілігіне жіберді. Қазақстан мен Өзбекстан ортасында жүріп, немерелерін бағып отырған Тілләхан Ырзабаева өз қуанышымен бөлісті.

«Ұлым Махмуд Күлжұмыровтың құжаттары келді. Ол Қазақстан азаматтығын алды. Енді төлқұжат жасатып, балаларға жәрдемақы алғымыз келеді. Жер телімі кезегіне тұруымыз да қажет. Ақтөбеліктер көмектесті, сол үшін алғыс айтамыз»,- деді Тілләхан Ырзабаева.