Ақтөбеде 400-ге жуық адам өзен мен су қоймасы жағасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Өзендердің қауіпті аумақтарына 120 белгі орнатылады. Жағалауларда полиция, төтенше жағдайлар қызметі мен еріктілер бақылау жүргізеді.

Ақтөбеде суға шомылу маусымы 1 маусым күні басталады. Ол үшін су айдындарын тексеру, су табанын қарап, тазарту жұмысы жүргізіледі. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, 12-17 мамыр аралығында су айдынының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілесе, 20-21 мамырда жағажайларда кезекшілік ететін құтқарушылар оқытылады. Биыл өңірде шомылуға арналған 64 орын болады. Кәсіпкерлер су түбін тексеру үшін өтініш беріп үлгерді.
- Шомылу маусымына дайындық үшін аудандарда қайықтар, құтқару құралдарын және қауіпсіздік туралы көрнекі материалдар сатып алынады. Шомылуға қауіпті жерлерге ерекше назар аударылған. Облыста суға түсуге тыйым салынған 206 учаске бар. Былтыр су қоймаларының жанына шомылуға тыйым салатын 321 ескерту белгісі орнатылса, биыл тағы 120 белгі қойылады. Аудан әкімдеріне түгендеу жүргізу және қажет болған жағдайда жадынамалық белгілерді жаңарту тапсырылды. Өзендердегі қауіпсіздікті 367 адам бақылайды. Олардың қатарында ТЖ қызметкерлері, полиция, әскерилео және еріктілер бар. Сондай-ақ Ақтөбеде су айдындарында 33 бейнебақылау камерасы орнатылған,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, былтыр Ақтөбеде екі студент суға кетті. Сол кезде медициналық университетте қаралы күн жарияланды.