Ақтөбеде 50-ден астам адамды кене шағып, дәрігерге қаралды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбедегі 38 елді мекен аумағында туляремияның табиғи ошағы бар. Бүгінде дезинсекция және дератизация жұмысы басталды.

Ақтөбеде 50-ден астам адамды кене шағып, дәрігерге қаралды
Фото: pixabay

Кене шыққаннан туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті, боррелиоз аурулары таралуы мүмкін. Дегенмен Ақтөбе облысының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, энцефалит ауруларының ошағы жоқ. Ал Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошағы бар. Бұл 38 елді мекен аумағы.

— Жыл сайын аса қауіпті инфекцияны эпизоотиялық бақылау мақсатында кене жинап, зерттеледі. Биыл сәуірден бастап Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы 35 елді мекенде дезинсекция және дератизация жұмысын бастады. Осы жылы облыста 52 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінді. Белсенді уақыты — көктем, жаз айлары. Өзен жағасы, тоғай, саяжайларда тіршілік етеді. Сондықтан табиғат аясына шыққанда, мал жайғанда өте сақ болу керек, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Мұрат Муафих.

Айта кетейік, кене шаққан адам 21 күн дәрігер бақылауында болуы керек. Бұл аурудың алдын алуға көмектеседі.

Еске салсақ, Петропавлда кене мен масаға қарсы дәрілеу жұмыстары басталды. Солтүстік Қазақстан облысында сәуір айында кене шаққан 138 адам дәрігерге көрінген.

Соңғы жаңалықтар