Ақтөбеде 500-ден астам пәтер заңсыз жалға берілген
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде полиция қызметкерлері 200-мыңнан астам үй мен пәтерді аралады. 500-ден астам пәтер заңсыз жалға берілгені анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде 1 қыркүйектен бастап «Учаске» жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. Учаскелік полиция инспекторлары екі ай ішінде 200 мыңнан астам тексеру жұмыстарын жүргізді.
«Оның ішінде 115 мыңнан астам пәтер мен 103 мың жеке үйді аралады. Нәтижесінде 500-ден астам пәтердің заңсыз жалға берілгені анықталды. Барлық факті бойынша тұрғын үй иелеріне әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін салық органдарына жіберілді», - дейді Ақтөбе облысы ПД ЖПҚБ аға инспекторы Асылхан Бекбосынов.
Сонымен бірге 814 адам ішкі істер органдарының есебіне алынды. Жедел алдын алу шарасы аясында атыс қаруы бар азаматтарға да тексеру жүргізіледі. Атап айтқанда, 6706 қару иесі тексерілді. Онда қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 81 азамат жауапқа тартылды. Бұл ретте заңсыз айналымнан 25 бірлік қару тәркіленді.
«Осы аралықта көше кезіп, қайыр сұрап жүрген 454 кәмелетке толмаған бала жеткізілді. Оның 21-і кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Балаларсын қараусыз қалдырған 56 ата-ана жауапқа тартылды. Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша 1200-ден астам шетелдік азамат тексерілді. Көші - қон заңнамасын бұзғаны үшін ТМД-ның 13 азаматы шекарадан шығарылды», - деді Асылхан Бекбосынов.
Тұрғылықты жері жоқ 47 адам ұсталды, оның 25-і қабылдау-тарату орнына орналастырылды.