Ақтөбеде 58 елдімекен су басу аумағына тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 58 елдімекен қауіпті аумақта тұр. Қазіргі кезде 199 эвакуациялық пункт әзірленді.

Ақтөбеде бүгін «Көктем» оқу-жаттығуы өтті. Облыстық ТЖД мен азаматтық құрылым барлық техникасы мен адамдардың әзірлігін көрсетіп, пысықтады. Қалада арықтар тазартылды.

- Оқу-жаттығу кезінде 61 іс-шара өткізіледі. Оның 10-ы Ақтөбе қаласында. Қазгидрометтің болжамы бойынша, биыл қар жамылғысы былтырғыға қарағанда көбірек, бірақ тығыздығы, ылғалдылығы аз. Дегенмен нақты ақпарат наурызда белгілі болады. Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандары қауіп төндіреді. Ойыл ауданында көпір әлі де жөнделмеген. Облыс бойынша 2800-ден астам адам дайын. Олар ТЖД, жергілікті атқарушы орган, әскери бөлімдер, полиция қызметкерлері. Қорда 100-ден астам жүзу құралы, 38 мың қап инертті материал әзір, - деді Ақтөбе облыстық ТЖД басқармасының бастығы Аслан Арзымбетов.

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 жедел автомобиль, 2 квадроцикл, 15 моторлы үрлемелі қайық, 340 су өткізбейтін комбинезон, 44 тасымалдау мотопомпасы, 3 тіркеме мотопомпасы, 1 сүңгуір автомобилі, 2 құтқару қайығы, 14 сүңгуірлерге арналған тыныс алу аппараты, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Бұл дайындыққа жергілікті бюджеттен 420 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал республикалық бюджет есебінен 4 жедел көлік, 2 жол талғамайтын көлік сатып алынды. Оған 396,4 млн теңге қаржы жұмсалды.

- 2024 жылы мемлекеттік материалдық резервтен 4 техника (вахта, самосвал, автокран, автобус) броньнан шығарылып, департаменттің балансына берілді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 66 мыңнан астам адам тұратын 58 елдімекен (14 216 үй) су басу аумағында тұр. Оның ішінде 9 елдімекенде (1 263 үй, 5 735 адам) су басу қаупі жойылды. Ал 14 елдімекенде (6 856 үй, 29 650 адам) қауіп барынша азайтылды. Дегенмен 35 елдімекенде (6 097 үй, 31 202 адам)қауіп сақталған. Ырғыз, Әйтеке би, Қобда, Темір, Ойыл аудандарында қалқан бөгеттерін салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Оған 7,3 млрд теңге (жергілікті бюджеттен 3,3 млрд теңге, «Демеу-Қазақстан» қорынан 4 млрд теңге) қарастырылды, - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қазіргі кезде «Көсем» бөгетін қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл Алға ауданы Есет батыр ауылында. Сонымен бірге Әйтеке би ауданы Әйке ауылында «Тереңсай», Ойыл ауданы Қаратал ауылында «Қаратал» қорғаныс бөгеті қалпына келтірілді. Өңірде сыйымдылығы 35 мың адамға арналған 199 эвакуациялық пункті дайындалды.

Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде 3500 үйді су басты. Өңірде барлығы мыңнан астам үй жарамсыз болып, тең жартысы салынды. Ақтөбе қаласында су тасқыны кезінде 191 үй апатты деп танылды. Биыл үйлерді сүруге бюджеттен қаржы бөлінеді.
