Ақтөбеде 7 жасар теннисші ширақ қимылымен көпті тәнті етті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік теннисші Медина Амандықтың теннис ойнаған сәті әлеуметтік желіге тарап, оқушы бірден танымал болды. Құршасай орта мектебінде білім алатын кішкентай спортшы қазіргі кезде аптасына алты күн жаттығып жүр.
Құршасай тұрғын алабындағы № 77 орта мектептің 2-сынып оқушысын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұхит Әбдіғалиев жаттықтырады.
Медина Амандық 5 жасынан бастап теннис үйірмесіне қатысып жүр.
Қолға ракетка ұстау, допты қағып алу, қарсыластың осал тұсын біліп, оны басып озу ережесін шебер меңгерген.
Қимылы ширақ оқушы аптасына 6 күн жаттығып жүр.
— Мединаның ата-анасы баланың спортқа бейім екенін біліп, жаттығудан қалтырмайды. Мектепте, сонымен бірге әрбір сенбі сайын қалалық үстел теннисі спорт мектебінде жаттығады. Екі үйірмеге толық барады. Қазір шеберлігі шыңдалып, қалалық қана емес, облыстық жарыстарға да қатысып жүр. 2009 жылғы және одан кіші жастағы спортшылар арасында өткен жарысқа қатысып, финалға жетті. Сәуір айында 2013 жылы туған спортшылар арасында жарыс өтеді. Соған қатысып, бақ сынайды. Ол оң жақтан ұру, сол жақтан ұру, кесу, допты айналдыру тәсілдерін жақсы меңгерген, — деді Мұхит Әбдіғалиев.
Медина Амандық — оқу озаты. Сынып жетекшісі Бибіжамал Құрман оның математикада есепті шапшаң шығаратынын, қазақ тілін де сүйіп оқитынын айтып берді.
Түске дейін оқитын ол сабаққа үнемі дайындалып келеді.
— Мединаға бірінші сыныптан бастап сабақ беремін. Өте талантты бала. Сабақты өте жақсы оқиды, тенниске де қатысады. Сурет салғанды да ұнатады. Ол алдағы уақытта үстел теннисінен чемпион болғысы келетінін айтып отырады. Өзіме көмекші, әрі сынып белсендісі, — деді ұстазы.