Ақтөбеде 76 келі есірткі тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбеде облысында екі жасырын есірткі зертханасы анықталып, 76 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жылы Ақтөбе қаласының прокуратурасы полиция органдарымен бірлесіп «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты профилактикалық іс-шаралар аясында қала аумағында 300-ден астам есірткі жарнамасы мен есірткі дүкендерінің сілтемелері бар наркограффитилерді анықтап, жойды.
Бұдан бөлек, коммуналдық қызметтермен (ЖШС «АТК Қызмет») наркограффити деректері анықталған жағдайда полиция органдарын уақтылы хабардар ету жөнінде меморандумдар жасалды.
— Сонымен қатар, 59,5 млн теңгеге 2,5 мыңнан астам «дропперлік» шоттар мен 1156 есірткі дүкендерінің сілтемелері бұғатталды, кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 5000-нан астам брошюра таратылды, әлеуметтік желілерде 1000-нан астам жарияланым орналастырылды, халықпен 3000 кездесу ұйымдастырылды (оның ішінде мектеп және жоғары оқу орындары оқушылары арасында дәрістер өткізіліп, 20000-нан астам жас қамтылды), 100-ден астам ақпараттық билбордтар орнатылды, — делінген хабарламада.
Бұдан басқа, психикалық денсаулық орталығының қызметіне талдау жүргізілді.
— Зерттеу барысында есірткіге тәуелді деп есептелетін 205 адамның қайтыс болғаны немесе басқа өңірлерге көшіп кеткеніне қарамастан, орталықтың есебінен шығарылмағаны анықталды. Алайда, аталған тұлғалардың еміне негізсіз түрде 2,5 млн теңге бюджет қаражаты бөлініп, орталықтың есепшотына аударылған, — делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бюджет қаражаты кері қайтарылып, 6 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.