Ақтөбеде 8 адамның өлімінен соң жүк көлігінің жүргізушісі екі айға қамалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Хромтау аудандық соты жүк көлігінің жүргізушісін екі ай қамауда ұстау туралы қаулы шығарды. Жүргізуші Беларусь елінің азаматы.
Бүгін Хромтау аудандық сотының тергеу судьясы жүк көлігінің жүргізушісіне қаулы шығарды.
- ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілген азамат С.-ға қатысты тергеу органдарының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау жөніндегі өтінішхаты қанағаттандырылды. Сот тергеу уақытында екі ай мерзіміне, яғни, 7 қазанға дейін күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 7 тамыз күні Самара-Шымкент тасжолында жеңіл және жүк көлігі соқтығысты. Салдарынан 8 адам көз жұмды. Ішінде Маңғыстау облысындағы турнирге бара жатқан балалар мен ата-ана әрі жаттықтырушы болған.
Осыдан кейін облыстық жұмыс тобы құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан басшылық етеді.