Ақтөбеде 8 ауылдың әкімі сайланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сайлау облыстың 5 ауданында өтті. Әкім болғандар арасында бұрынғы мектеп директорымен қатар өз қызметін сақтап қалғандар да бар. 

Ақтөбеде 8 ауылдың әкімі сайланды
Фото: ҚР ОСК

Мұғалжар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Еңбек ауылдық округі әкімінің сайлауында 962 тұрғын өз таңдауын жасады. 42 жастағы Қайрат Сәрсенбаев 720 дауыс жинап, сайланды. Ол бұған дейін Сағашилі жалпы білім беретін орта мектебінің директоры қызметін атқарған және өзін-өзі ұсынған. Ал осы аудандағы Жұрын ауылдық округі әкімінің сайлауында 677 азамат дауыс берді. Өзін-өзі ұсынған Асылбек Қоңратбаев 499 дауыс жинап, сайланды. Ол «Damu-Master» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарды.

Әйтеке би аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Ақтасты ауылдық округінің әкімі қызметіне Серікғали Тампишев сайланды. Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны «Әділет» партиясы атынан ұсынылып, 191 дауыс жинады. Жабасақ ауылдық округі әкімінің қызметін Серікқали Ермағамбетов атқарады. Ол бұған дейін Байжанкөл бастауыш мектебінің директоры болды және кардидатурасын «Әділет» партиясы ұсынды.

Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қорытындысына сүйенсек, Көктау ауылдық округінің әкімі қызметін енді Ғалымжан Ерназаров атқарады. Ол бұған дейін Көктөбе ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маманы болды. Өзін-өзі ұсынып, ең көп дауыс жинады. Тассай ауылдық округінің әкімін сайлауға 228 тұрғын қатысты. Абай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болған Ернұр Кемелұлы ең көп дауыс жинап, сайланды. Оның кандидатурасы «Respublica» партиясы атынан ұсынылған.

Қарғалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Ащылысай ауылдық округі әкімінің сайлауы кезінде 667 тұрғын дауыс берді. Сайлауға үш кандидат ұсынылды, оның ішінде Асылбек Биманбаев 486 дауыс жинады. Қарғалы ауданы әкімдігінің порталындағы ақпаратқа сүйенсек, ол 2014 жылдың қазан айынан бастап күні бүгінге дейін Ащылысай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. Бұл жолы «Әділет» партиясы атынан ұсынылған.

Шалқар ауданы Айшуақ ауылдық округінде 906 сайлаушы тіркелсе, соның тек 440-ы дауыс берді. Бюллетеньнің 23-і жарамсыз деп танылған, 4 сайлаушы «бәріне қарсымын» деген жолды таңдады. Нәтижесінде 25 жастағы Бекет Құдайбергенов 345 дауыс жинап, Айшуақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. «Айшуақ — Несібе» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы қызметін атқарған ол сайлауда өзін-өзі ұсынған.

Еске салсақ, бес аудандағы сайлау кеше өтті.  Бұған дейін маусым айында төрт ауылдың әкімі сайланды