Ақтөбеде 8 мектеп пайдалануға беріледі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Білім күні Ақтөбе облысында 8 мектеп пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде мектеп құрылысы жалғасып жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиын кезінде жаңа мектептер мен балабақшалардың оқу жылына дайындығы пысықталды. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде 9 490 оқушыға арналған 26 мектеп салынып жатыр. Жаңа мектептің 8-і Білім күні пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта тағы 7 мектеп ашылады. Әрі биыл 68 мектепті жөндеуге 1,5 миллиард теңге жұмсалды. Ал 2018-2019 оқу жылына арналған оқулықтарды сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінді. Оқулықтың бәрі 25-тамызға дейін жеткізіледі. Жиын кезінде 1 қазанға дейін ауыл мектептері мен балабақшаларды жылытуға арналған сұйық және қатты отынды жеткізу жұмыстары аяқталатынын мәлім болды.
«Оқу жылының басталуына қатысты барлық сұрақтар тұрақты бақылауда болуы керек. Сонымен қатар, 1 қыркүйекке дейін барлық мектептерді спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, материалдық-техникалық базаның барынша жаңартылуын қадағалаңыз», - деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев.