Ақтөбеде 91 жастағы зейнеткерді өлтірген ерлі-зайыптылар 17 жылға сотталды

50 жастағы Мырзабек Нұрымбаев 17 жылға, оның азаматтық некедегі әйелі Гүлнәр Кисигова (41 жаста) - 16,5 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң режим колониясына жабылды. Олар алкогольді ішімдікке мас күйінде 91 жастағы әжейді қатыгездікпен өлтірген.
Іс материалдарына сәйкес, 2016 жылы 30 қаңтарда жұбайлар темір жол вокзалы жақтан екі күнге пәтер жалдаған. Күйеуі дүкенге кеткенде, әжей оның әйеліне бір қабат жоғары тұратынын, жалғызбасты екенін, қызық бөлек үйде, ал ұлы Украинада екенін айтқан.
Сонда Г.Кисигова әжейдің жиған-терген ақшасы болуы мүмкін деп, оны тонауды жоспарлайды. Ішімдік үстінде ұрлық жасауға күйеуін көндіреді. Таңға жуық ерлі-зайыпты зейнеткердің пәтеріне қонаққа барып, есігіне қоңырау шалған. Зейнеткер оларды кіргізген. Пәтер ішінде «қонақтар» ішімдік ішуді жалғастырып, ақша талап етіп әжейді ұра бастаған. Г.Кисигова пәтерді тінту кезінде, М.Нұрымбаев зардап шегушінің қолы мен бетін үтікпен күйдірген. Зейнеткердің ақша жоқ деген сөзіне қарамастан халаттың бауымен тұншықтырған. Халат бауы үзілген соң, арқанмен тұншықтыруды жалғастырған. Қылмыскерлер үй ішін тінтіп, 2000 теңге салынған сөмке, моншақ және күрте алып кеткен.
Жауапқа тартылушылар бұрын сотталған.