Ақтөбеде адам өліміне әкеп соққан құрылысқа жауапты басшы сотталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Даму» қоры орналасқан ғимарат қирап, бір адам қаза тапқан болатын. Бүгін жөндеу жүргізген құрылыс компаниясының басшыларына сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде адам өліміне әкеп соққан құрылысқа жауапты басшы сотталды

Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, құрылысшылардың қателігінен нысан опырылып түсті.

Сол кезде «Даму» қоры орналасқан ғимарат ішіндегі екі адам зардап шекті. Біреуі ауруханада көз жұмды.

Осы оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды.

Күдікті ретінде құрылыс компаниясының директоры мен жұмысшысы ұсталып, тергеу жүрді.

Іс материалына сүйенсек, 2021 жылдың мамыр айында серіктестік конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған.

Күрделі жөндеу жүргізу және шатырын жаңартуға келісім жасалды. Тапсырыс берушіге еш ескертпеген компания директоры Ж.Касанбаев бар жұмысты жеке жұмысшы М.Манасовқа жүктеген.

Құрылыс жұмысы кезінде екінші қабатқа шамадан тыс жүк түсіп, ғимарат опырылып, ортасына түсті. Салдарынан ғимарат ішінде болған менеджер ауыр жараланып, кейін көз жұмды.

«Даму» қорына 43 805 893 тг, «Аграрлық несие корпорациясы» АОФ-на 1 913 852 тг, «Алға несие серіктестігіне» 2 903 914 теңге материалдық шығын келтірді.

Сот отырысы кезінде сотталушылар тағылған айыппен келіспеді. Дегенмен олардың кінәсі сараптама қорытындысынан соң дәлелденді.

Прокурор 3 жылға бас бостандығынан айырылып, құрылыс компаниясында басшылық қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады.

Сот үкімімен құрылыс компаниясының директоры Жәнібек Касанбаев пен жұмысшы Мұхит Манасов айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Рақымшылық туралы» Заңғы сай Жәнібек Касанбаев пен жұмысшы Мұхит Манасовтың жазасын өтеу мерзімі қысқартылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды. Әрқайсысы 3 жыл бойы құрылыс саласында жұмыс істей алмайды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Азаматтық шағым да қанағаттандырылды. Әр сотталушы жәбірленуші тарапқа 3 млн теңге төлейді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.