Ақтөбеде аграршыларға ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы жаңалықтар түсіндірілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев және ведомство қызметкерлері облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы органдарының, қаржы институттарының, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті.
None
None

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев қатысқан кеңесте келесі жылдан бастап енгізілетін ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы өзгерістер түсіндірілді.

Соңғы 7 жыл ішіндегі ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 3,5 есе өсті және 2014 жылы 146,6 млрд. теңгені құрады. Алайда кеңесте аталып өткендей, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсу қарқыны қолдау көлемінен аз болып шығып отыр. Бұл субсидиялаудың кейбір түрлерінің тиімсіздігінен болуда.

Бұл субсидиялардың тиімділігінің төмен болуы себебі олар егіс алқаптары мен өндірілген өнімге төленеді, бұл арада өндіріс тиімділігі ескерілмей қалады.

Осыған байланысты ынталандырмайтын субсидия төлемдерін тоқтату және оны неғұрлым тиімді түрлерімен алмастыру туралы шешім қабылданды: инвестициялық субсидиялау, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру, ҚҚС-ты субсидиялау, асылдандыру ісі, ғылыми ұйымдардың қызметтеріне бизнес-қауымдастықтардың шығындарын субсидиялау және т.б.

Кеңесте 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң күшіне енетіні туралы сөз болды. Кооперация немесе ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін экономикалық ірілендіру көптеген артықшылықтар беруі тиіс - еңбек өнімділігін арттыру; өткізу үшін тауарлардың ірі партиясын қалыптастыру есебінен өнімге сұранысты тұрақтандыру; өнім сапасын арттыра отырып, мамандандыруды тереңдету; өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану; шығындарды оңтайландыру; маркетингтік ақпаратты және мемлекеттік қолдау шараларын неғұрлым қолжетімді ету; шаруалардың кірісі мен пайдасын арттыру.

Кооперацияны дамытуды ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі кооперативтер үшін субсидиялар нормативтерін арттыру бөлігінде АӨК-ті субсидиялаудың қолданыстағы тетіктерін қайта қарауды жоспарлауда. Кеңес тақырыбы аграршылардың қызығушылығын тудырды: олар ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлеріне көптеген сұрақтар қойды.

Соңғы жаңалықтар