19:44, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақтөбеде әкімдердің есебі басталды
АҚТӨБЕ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ – Ақтөбеде түрлі деңгейдегі әкімдердің жыл сайынғы есебі басталды. Кеше Ақтөбенің әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің халықпен алғашқы кездесуін Қарғалы ауылдық округінде өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Әкім қала маңы тұрғындарына 2008 жылы атқарылған жұмыстар туралы әңгімелеп берді, сондай-ақ көптеген сұрақтарға жауап қайтарды. Әкімнің айтуынша, өткен жылы Ақтөбеде 271,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2008 жылы жол жөндеуге және құрылысына айрықша көңіл бөлініп, бұл мақсатқа 2,7 миллиард теңге қаржы жұмсалған, бұл 2007 жылғы деңгейден үш есе көп. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының форумын өткізуге байланысты абаттандыру бойынша: гүлзарлар, ағаштар отырғызу, көк шөптердің тұқымдарын себу, гүл құмыраларын орнату жұмыстары 4 есеге артқан.Атқарушы билік азық-түлік өнімдеріне деген баға өсуінің алдын-алу бойынша үлкен жұмыстар жүргізіп отыр. Мысалы, Ақтөбеде нанның бағасы республика бойынша ең төмен күйінде қалып отыр. Газдың, қоғамдық көлікте жүру бағалары да төмен. Қоғамдық көлікте 60 мыңнан астам адам ? Ұлы отан соғысына қатысушылар, зейнеткерлер, мүгедек-балалар және т.б. тегін жүреді. Елу мыңнан астам күндізгі бөлімнің студенттері жол жүру ақысының 50 пайызын төлейді.Қарғалы ауылдық округінің тұрғындары әкімге көптен бері қордаланып қалған мәселелерін де көлденең тартты.