Ақтөбеде Аққалалар фестивалі өтті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Фестивальге балабақша, мектептен 100-ден астам өтініш түсті. Олар өздері қолдан тіккен киім үлгісін көрсетті.
Ақтөбе қаласында бүгін бас шырша жағылды. «Төрлет, құтты Жаңа жыл» кешінде Аққалалар фестивалі ұйымдастырылды. Онда балабақша, мектеп, түрлі мәдениет үйінен 100-ден астам өтініш беріліп, қатысушылар киім үлгісін көрсетті.

- Аққаланы жасау үшін мата, паралон пайдаландым. Оған төрт күн қажет болды. Алдымен оқушым Назым Нұрсұлтан екеуіміз үлгісін таңдап, кейін өз қолыммен өлшемін алып, сызып, тігіп шықтым. Аққаланың киімін бірінші рет тігіп тұрмын. Киім өте сәтті шықты әрі нағыз аққала болды,- деді «Smart Bilim» мектебінің мұғалімі Әсел Татибаева.

Аққалалар фестиваліне қатыстандардың ең кішкентайы 3 жаста болса, үлкені мәдениет саласының қызметкерлері. Талап бойынша фестивальге қатысушылардың тың идеясы ескерілді.

- Ешкім жүлдесіз қалмады. Әр қатысушыға сыйлық берілді, ал үздіктеріне алғыс хат пен қаржылай сый үлестірдік. Мектеп, балабақша ұжымдары белсенді болды әрі қызығушылық жоғары,- деді Ақтөбе қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева.

Айта кетейік, Ақтөбе қалалық әкімдігі биыл шырша орнату, безендіру жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлмеді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше Өскеменде шырша жағылып, Аяз аталар шеруі өтті.
