Ақтөбеде әлі де 2 мыңнан астам абонент жарықсыз отыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде әлі де 20-дан астам ауылда жарық толық берілмеді. Қазір қаладағы бригадалар аудандарға жіберіліп жатыр.

Ақтөбедегі «Энергосистема» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Алға ауданындағы 8 ауылда жарық жоқ. Ол – 594 абонент. Сонымен бірге Әйтеке би ауданының Аққұм және Байжанкөл ауылдарында 74 үйге жарық қосылмады. Қарғалының Ақжайық ауылында 25, Қобданың Қарағанды ауылында 10, Мұғалжар ауданының Орқаш ауылында 124 абонентте электр тогы жоқ деп тіркелді.
- Темір ауданының Еңбекші, Бірлік, Шығырлы, Ащысай, Тасқопа ауылдарындағы 400, Хромтау ауданының бірнеше ауылы мен қаласында мыңнан астам абонентте жарық жоқ. Облыс бойынша желіде 30 бригада мен 100-ге жуық техника жұмыс істеуде. Қазіргі кезде қаладан аудандарға қарай бригада жіберілді. Барлығы облыста 2200-ден астам абонентте жарық жоқ. Мұның бәрі 9 ақпан сағат 15:00-дегі ақпарат,- деп хабарлады «Энергосистема» ЖШС баспасөз қызметі.
Еске салайық, таңертең өткен баспасөз мәслихатында «Энергосистема» ЖШС-нің бас директоры Ержан Жексенбинов 5 ауылда ғана жарық жоқ деп мәлімет берді.