Ақтөбеде әлі қанша ауылда мобильді интернет жоқ
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Өңірде 37 ауыл мобильді интернетке қосылмаған. Бұл елді мекендер спутниктік жүйені қолданып отыр.
Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының хабарлауынша, өңірдегі 311 ауылдың 274-інде мобильді интернет бар. Биыл Елек, Ақсу, Байжанкөл және Дмитриевка ауылдарында да қосылады.
— Былтыр 24 шағын елді мекенге OneWeb спутниктік жүйесі жеткізілді. Нәтижесінде ауыл халқының интернетпен қамтылуы 98,8% жетті. 2026 жылдың соңына дейін тағы 8 ауылды қосып, қамту көрсеткішін 99,6%-ға жеткізу жоспары бар. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 17 антенно-мачталық құрылыс салу жоспарланды. Инвестор анықталып, құжаттар тапсырылды, — деді Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.
Оның айтуынша, барлық ауылға мобильді интернет қосу мүмкін емес. Себебі байланыс операторлары халық саны аз ауылдарға қаржы бөлмейді.
— Байланыс операторлары шағын ауылға, 50 адам тұратын елді мекенге бармайды. Бірақ Wi-Fi қосылады. Қазір интернетсіз отырған ауыл жоқ, — деді ол.
Айта кетейік, қазір Ақтөбе қаласы мен 7 елді мекенде 5G желісі қосылған. Барлығы 112 5G базалық станциясы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін Шалқар қаласында бір базалық станция іске қосылады. Сонымен бірге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары аралығында 172 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу және 38 ауылды спутниктік интернетпен қамту жоспарланған.
Еске салсақ, Арыс қаласы Дермене ауылдық округіне қарасты Саналы ауылының тұрғындары интернет байланысының жоқтығына алаңдап отыр. Бұл мәселе әсіресе мектеп оқушыларына қиындық туғызып отыр.