Ақтөбеде Алаш қайраткерлеріне берілген көшелердің қашан жөнделетіні белгісіз

АҚТӨБЕ. Қазақпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ақтөбе қаласында 25 көшенің атауы өзгерді. Қаланың ескі бөлігіндегі көшелерге Алаш ардақтыларының есімі берілген. Тұйық, ұзақ жылдар бойы жөнделмеген екінші деңгейлі көшелер Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан, Мұқағали Мақатаев, Сәкен Сейфуллин мен Қайрат Рысқұлбеков сынды қайраткерлердің аттарымен аталды. Бірақ қалалық әкімдік ескі көшелерді жөндеу жұмыстарын жоспарға енгізбеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Алаш қайраткерлеріне берілген көшелердің қашан жөнделетіні белгісіз

Ақтөбе қаласындағы Париж коммунасы - Шәкәрім Құдайбердіұлы, Зинченко - Міржақып Дулатов, Краснощеков - Бейімбет Майлин, Красная - Сәкен Сейфуллин, Чапаев - Ілияс Жансүгіров, Мирзоян - Ораз Тәтеұлы, 1905 жыл - Қайрат Рысқұлбеков болып өзгерді. Сонымен қатар, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұқағали Мақатаев , Әлкей Марғұлан, Әміре Қашаубаев, Әбубәкір Кердері, Жанша Досмұхамедұлы, Өзбекәлі Жәнібековке көше атауы берілді. Бәрі тұйық, қаланың ескі бөлігіндегі екінші деңгейлі көшелер. Бұл көшелердің жолдары 40-50 жыл бойы жөндеу көрмеген, ой-шұңқыры көп. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай көше атауын өзгерткен Ақтөбе қаласының әкімдігі көшелерді атына сай қайта жөндеуді өз міндетіне алмай отыр.
«Атау берген дұрыс бағыт, дұрыс жұмыс деп ойлаймын. Атау бергеннен кейін міндетті түрде жөндеу жүргізуіміз қажет деген міндеттеме алған жоқпыз. Жолдар қала көшелерінің жағдайына байланысты жөнделеді. Кейбір көшелерден күніне 10-15 машина өтеді, кейбірін күнделікті пайдаланамыз, қоғамдық көлік жүреді. Жол жөндеу жұмысын жоспарлағанда қоғамдық көлік жүретін көшелерге басымдық беріледі», - деді Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырханов.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында биыл 17 нысан жөнделеді. 11 шақырым жолды ретке келтіруге 1,2 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде 14 көшеге күрделі жөндеу жасалып, үш көшеге тасжол төселеді.