Ақтөбеде алаяқтығы үшін айыпталып жатқан депутаттар бас бостандығынан айырылуы мүмкін
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жарыссөзде прокурор екі депутатты 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен бірге Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы болған сотталушының қылмыстық жолмен алған мүлкі тәркіленуі мүмкін.
№ 2 Ақтөбе қалалық сотында Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы, депутаты және Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушыға қатысты іс қаралып, жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы Темірлан Ибрагим мәслихат төрағасы қызметін атқарған сотталушының 5 қабатты жатақхананы сатып алып, кейін оны әйеліне сыйға бергенін, артынша өз атына қайта жаздырғанын айтты.
- Қылмыстық іс құжатында 2023 жылдың 9 тамызында әр пәтерді әйеліне сыйға бергені туралы мәлімет бар. Яғни мемлекеттік сатып алу конкурсы өткенге дейін сыйға берген. Ал мемлекеттік сатып алу келісімшартына қол қойғаннан кейін, 2023 жылы 22-қарашада әйелімен арадағы сыйға беру келісімшарты үзілген. Екі күннен кейін сотталушының әйелі мен Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы арасында қабылдау актісі жасалған. Сөйтіп әйелінің есепшотына 672 млн теңге аударылады. Яғни екі күн бұрын сыйға беру келісімшарты үзіледі, сонда да әйелінің есепшотына бюджет қаржысы аударылады,- деді прокурор.
Жарыссөзде прокурор үш жылжымайтын мүлік, бір көлік те қылмыстық жолмен тапқан ақшаға алынған деп есептейтінін және тәркілеуге жататынын жеткізді. Алайда бұл мүліктер сотталушының әйелінің атына аударылған. Банк депозиттерінде 300 млн теңгеден астам ақша да бар. Мемлекеттік айыптаушы Мұғалжар аудандық мәслихат төрағасы болған сотталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді, оған көмектескен депутатты 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы сот залынан қамауға алынып, 6 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы, депутаты және Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушыға «Алаяқтық», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру», «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» баптары бойынша айып тағылып жатыр.