Ақтөбеде әлеуметтік азық-түлік бағасында өсім бар
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде азық-түлік бағасы 1,1% көтерілген. Қазіргі кезде 19 түрлі әлеуметтік тауар бағасын бекіту жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде азық-түлік қауіпсіздігі сөз болды.
Онда облыстық кәсіпкерлік, облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары есеп беріп, атқарылып жатқан жұмыс жайын баяндады.
«Қаңтар айында өсім 1,1% құрады. Баға өсімі бойынша Ақтөбе Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облыстарынан кейін үшінші орында тұр. Статистика департаменті апта сайын мониторинг жүргізеді. Әр аптаның сейсенбіде бағаны қарап, бейсенбіде нәтиже шығарылады. Жалпы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауар бағасына өсім байқалды. Атап айтқанда: қарақұмық жармасы 1,2% (5тг), картоп – 14,3% (15 тг), қырыққабат – 2,7% (3 тг), сәбіз-2,7% (3 тг), тұз - 2,3% (1тг) өсті», - деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.
Ақтөбе облысында мониторинг топтары дүкендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Талап бойынша тауарға 15% үстемеақы ғана қосылуы керек.
«Ақтөбе қаласының әкімдігі, кәсіпкерлік бөлімі үй жанындағы кішкентай азық-түлік дүкендеріне 900-ден астам хабарлама берді. Олар әрі қарай мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар Ақтөбе қаласының әкімдігі «Дина» сауда желісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Компания шешіммен келіспей, сотқа жүгінді», - деді Нұрхан Тілеумұратов.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы тұрақтандыру қорына салынған картоп шіріп, көпшілік арасында наразылық тудырды. Бұл жерде де бақылау жалғасып жатыр.
«Картоп сапасын тексеру бір жолға қойылды. Бірніше тараптан кемшілік болды. Өндіруші, сақтаушы «Пригородный» ЖШС-і мен өзге де тараптан. Соның бәрі ескерілді. Тізбек анықталды. Қазір сұрыптау, тиеу, тиелген жүк көлігін бекіту, сауда нүктелеріне жеткізу аралығын күнделікті бақылап, WhatsApp чат арқылы қадағалап отырмыз. Яғни, өнім тиелгеннен бастап дүкенге жеткенше қалағалаймыз. Соның ішінде базарларды басқару мекемесі өнімді тексереді. Кейін сауда желілеріне барған кезде қызметкерлер қабылдап, сапасы жақсы деп чатқа бейнематериал салады. Сауда желісінің басшысы өнім келді, сөреге қойылды деп есебін беріп отыр», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.