Ақтөбеде әлеуметтік нысандардың құрылысы кешігіп жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Неке сарайы, Жастар сарайы мен облыстық мұражай секілді бірнеше нысанның құрылысы кешігіп жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс жұмыстарын жүргізуші компанияларды сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы бірнеше ірі құрылыс нысанымен танысты. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан бірнеше құрылыстың жұмысына қатысты сын айтылды.
«Өкінішке қарай сіздердің берген уәделеріңіз мерзімінде орындалып жатқан жоқ. Мынадай қарқынмен біз нысандарды салып үлгермейміз. Барлық нысандарды ақтөбеліктер мен қала қонақтары үшін салып жатқанымызды ұмытпауымыз қажет. Сондықтан, мұның басқа жолы болу керек. Біз Ақтөбенің құтты мекен екенін көрсетуіміз қажет. Құрылыс материалдары жетіспеген кезде зауыттар тәулік бойы жұмыс жасаулары қажет. Ал біздегі зауыттар сенбіде де, жексенбіде де жұмыс жасамайды. Бірінші кезекте бұл сіздер үшін жақсы, бұл өндіріс қуаттылығының жетістігі»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйдің, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысты. Олардың ішінде Аквапарк, Неке қию сарайы, Жастар сарайы, жедел медициналық көмек бекеті мен облыстық мұражай бар.