Ақтөбеде әлі де 329 сыныптың оқушылары қашықтан оқып жүр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 1-28 қыркүйек аралығында 329 сынып карантинге жіберіліп, оқушылар қашықтан білім алып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша бір тәулікте тағы 90 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.
Қазір вирус жұқтырғандардың 67-і жансақтау бөлімінде жатыр. Оның 13-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
«Барлығы 1274 адам амбулаториялық ем алып жүр. Ал балаларға келер болсақ, 222-і коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның үшеуі ауруханада. Сондай-ақ 73 жүкті әйелдің 22-і ауруханада ем қабылдап жатыр. Инфекциялық кереует жүктемесі – 49%, реанимациялық кереует жүктемесі – 47%», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетованың айтуынша, 329 сыныптың оқушылары карантинге жіберілген.
Тек оқушылар емес, мұғалімдерден де COVID-19 анықталып, балалар қашықтан оқуға жіберілді.