Ақтөбеде алимент төлемей жүрген 190-ға жуық борышкерге іздеу жарияланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде алимент төлемей, мекенжайын өзгертпестен хабар-ошарсыз қалған 189 азаматқа іздеу жарияланған. Биыл 3 адам қылмыстық, 150 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды.

Алименты
Фото: Kazinform

Ақтөбе облысы бойынша жеке сот орындаушыларында алимент өндіруге қатысты 13 мыңнан астам атқару өндірісі бар. Қазіргі кезде 8 мыңнан астам борышкер алиментті уақытылы төлеп отыр.

Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы ай сайын мониторинг жүргізеді. Проблемалық сұрақтар, оның шешу жолдары талқыланады. Облыста 5500 борышкер атқару өндірісі бойынша алимент төлемей жүр. Олар жұмыссыз. Ереже бойынша атқару өндірісі қозғалған күннен бастап борышкерге хабарлама жіберіледі. 3 айда барлық есепшоты бұғатталады, жауапкершілігі қарастырылады. Әкімшілік жауапқа тартылып, 5 күнге дейін қамауға алынады. Үш айдан кейін қылмыстық іс қозғалады.

Жыл басынан бері 20-дан астам атқару өндірісі қылмыстық іс қозғауға жіберілді. Оның ішінде полиция тек 11-ін тіркеп, 3 іс сотқа жолданды. Ал 150 борышкер әкімшілік жауапқа тартылып, оның 98-іне айыппұл салынды. 52 борышкерге қамау жазасы тағайындалды. 

Сонымен қатар іздеуде жүрген борышкерлер бар. Тұрғылықты жері белгісіз, Ақтөбе облысында тіркеуден шықпаған 189 азаматқа іздеу жарияланды,- деді Ақтөбе облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Қайрат Таңқаев. Оның айтуынша, алимент өндірісінде 260 проблемалық іс бар. Олардың берешегі 854 млн теңгеден асып кетті.

- Жеке сот орындаушылары жыл басынан бері 125 атқару өндірісі бойынша 132 млн теңгеге жуық бережақ ақшаны өндірді. Жұмыс істемейтін, алимент төлемейтін борышкерлер үшін бос орындар жәрмеңкесі жиі өткізіледі. Әр сот орындаушы аптасына 2 борышкерге жолдама ұсынады. Биыл 112 борышкер жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге 265 борышкер өз бетімен жұмысқа тұрды, - деді Қайрат Таңқаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасында 106 жеке сот орындаушы жұмыс істейді. Сот орындаушыда барлық категорияда атқару өндірісі бар.