Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесін жарақаттаған оқушы ісі қысқартылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Жасөспірім облыстық психикалық денсаулық сақтау мекемесінде ем қабылдап жатыр. Сот мәжбүрлі емді жалғастыру туралы қаулы шығарды.

сот
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмағанның ісі бойынша сот қаулысы шықты.

- Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі, 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен көзделген құқық бұзушылықты есі дұрыс емес күйінде жасаған сотталушы қылмыстық жауаптылықтан босатылсын. Қылмыстық кодекстің 93-бабы 1-бөлігі 4-тармағына сәйкес интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалсын. Психикалық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы өзгеріссіз қалдырылсын. Сот сараптамаларына жұмсалған 1,1 млн теңге мемлекет есебінен қабылдансын,- деді судья Алтынбек Сабыров.

Іс материалына сүйенсек, оқушының оқу үлгерімі нашарлап, анасымен арада кикілжің болады. Жасөспірім анасының сөзін көтере алмай ас бөлмедегі пышақты алып, бірнеше рет соққы жасаған. Оны тоқтатпақ болған әжесін де жаралаған. Сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша жасөспірімге параноидты шизофрения диагнозы қойылған. Ол облыстық психикалық денсаулық сақтау мекемесінде ем қабылдап жатыр.

Еске салсақ, қылмыс болған уақытта оқушы 16 жаста болды. Толық отбасында тәрбиеленді және әлеуметтік жағдайы жақсы деп бағаланды.