Ақтөбеде анасының кесірінен көзі көрмей қалған сәбиге донорлық жолмен ота жасалды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының тұрғыны баласына көңіл аудармай, жұқпалы ауруы асқынып кетті. Екі көзі соқыр болып қалған балаға ота жасалып, ол жарықты көре бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласының тұрғыны ішімдікке салынып, баласын қараусыз қалдырған. Салқын тиіп, өзі жасаурап, жараға айналған соң сәбидің қос жанары жарықты сезбей қалды. Полиция қызметкерлері баланы «Үміт» сәбилер үйіне тапсырып, дәрігерлер оған ем жолын іздеді. Жан-жаққа хабар берген дәрігерлер 1 жастан асқан Сашаны Алматыдағы көз ауруларының ұлттық институтына жатқызды. Дәрігерлер баланың мөлдір қабыршығын ауыстырып берді. Донорлық ота сәтті аяқталып, қазір бала жарықты сезе бастады.
«Көздің мөлдір қабығы донорлық жолмен алмастырылды. Жедел қилымдап, дер кезінде ота жасалған соң бала сауығып келеді. Бұрын жарықты мүлде сезбейтін еді. Қазір жарықты біледі, әсерін де ашық көрсетеді»,- деді «Үміт» сәбилер үйінің бөлім меңгерушісі Нұргүл Сарманова.
Айта кетейік, кішкентай Сашаның соқыр болып қалуына себепкер болған анасы ата-аналық құқығынан айырылды. Ал Александр Давлеталиновтың ағасы және екі апасы бар. Олар Ақтөбедегі кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығында жатыр. Кейін олар балалар үйіне жіберіледі. Ал кішкентай Саша «Үміт» сәбилер үйінде 3 жасқа дейін болып, түрлі ем қабылдайды. Себебі, баланың тілі әлі шықпаған, жүру қабілеті де кеш дамып келеді.