Ақтөбеде әр ұлттың салт-дәстүріне негізделген этноауыл салынады

  АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбедегі өзге ұлт өкілдері ұлттық тағамын насихаттап, қонақ күтетін ауылдың құрылысына қатыса алады. Бұл туралы бүгін «Алғысым шексіз өзіңе...» мерекелік шарасы кезінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде әр ұлттың салт-дәстүріне негізделген этноауыл салынады

Ақтөбеде Алғыс айту күніне орай мерекелік шара өтті. Өткен жылы бой көтерген Қазақ халқына мың алғыс стелласы маңына қала тұрғындары жиналып, арнайы концертті тамашалады. Өңір тұрғындарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та құттықтады.

«Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Біздің мемлекетіміздің саясаты - ұлттар арасындағы татулық, достық. Қазақ халқы әр уақытта бір үзім нанды бөліп жеген, өзге адамдардың ұлты, тілі, дініне қарамай көмек берген. Өткен ғасырда Қазақстанға қанша ұлт келгенін, қазақтар өздерінің жағдайының нашарлығына қарамастан сол адамдарға пана, қамқоршы болып, алғысына бөленгенін бәрі біледі. Өсіп келе жатқан ұрпақ осыларды ешуақытта ұмытпай, өнеге алуы керек. Алғыс адамға қосымша күш, қуат, белсенділік, болашаққа деген сенімділік береді. Жастар, әруақытта алғыс алып, өмір сүруі тиіс»,- деді өңір басшысы.
null  

Кейін ақтөбелік оқушылар өздері дайындаған арнайы парақшаны таратты. Ата-анасына, ұстазына, достарына алғыс айтқан оқушылар қала тұрғындарына жылы лебізін арнады. Сонымен қатар, бүгін Қазақ халқына мың алғыс стелласы маңында этноауылдың құрылысы басталатыны белгілі болды. Бұл жерде әр ұлт салт-дәстүрін жаңғыртып, ұлттық тағамдарын әзірлейді, қонақ күтеді. Ұлттық тағамдар дайындайтын демалыс орнын салу идеясын өңір басшысы Бердібек Сапарбаев көтеріп, бірнеше кәсіпкер қолдау танытты. Алдағы уақытта қазақтың үйін кәсіпкер, меценат Нұрлан Сағыналин салады. Ол өңірде ет кластерін дамытып, мал шаруашылығын бір ізге қойған кәсіпкер. Сонымен қатар, татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эльвира Хабибуллина, корей этномәдени бірлестігінің өкілі Елена Когай, «Урарту» армян бірлестігінің төрағасы Гарик Тертерян этноауылға бір-бір демалыс орнын салады. Бұл қатар әлі де толықтырылады. 

null null null