Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбеде әріптесін өлтіріп алған кенші 13 жылға бас бостандығынан айырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оқиға биыл Хромтау қаласында болды. Сотталушы сотта кінәсін мойындады.

Әскерде зорлық көрдім деп өтірік айтып, ақша жинаған жігіт сотталды
Фото: Polisia.kz

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өліміне қатысты іс қаралды. Оқиға биыл мамыр айында Хромтау қаласында болды.

Айыптау актісіне сүйенсек, 2 мамыр күні сотталушы еңбек демалысына шығып, соны атап өтпек болады. Бір жерден шығып, екінші дәмханаға барған кезде үш кенші ішімдікке тапсырыс береді. Кейін жәбірленуші мен сотталушы өзара жанжандасып, татуласады. Арада біршама уақыт өткенде қайта араздасып қалады. Сол сәтте сотталушы дәмхананың асханасына кіріп, пышақты ала шыққан.

- Дәмханадағы ыдыс жуатын бөлмеден ұзындығы 196 мм болатын ағаш сапты қоңыр түсті ас үй пышағын оң қолына алып, шалбарының қалтасына салады. Адам өлтіруге деген қасақана ойы туындап, қаруланып шыққан. 3 мамырға қараған түні сағат 01:23-те өзіне қарай жәбірленушінің келе жатқанын көрген кезде пышақпен сол жақ мойнынан бір рет, сол жақ кеуде қуысынан 4 рет соққы жасаған. Салдарынан жәбірленуші жерге құлаған. Ал сотталушы тепкілеп, сол жердегі шыныны қолына алып, бетінен ұрып, оқиға орнынан бой тасалаған. Сот-медициналық қорытындыға сәйкес жәбірленуші жедел қан кетуден қаза болған. Жарақаты тереңдігі 12 см дейін, - деді сотта мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Қали. 

Сот отырысы кезінде сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындағанымен, қорыққанын, пышақты қорғану үшін қолына ұстағанын айтты.

Жәбірленуші тарап болса кешірім бермеді және қылмыстық істі қайта саралауды сұрады.

- Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары кезінде іс 464 беттен тұрды. Ал сотта іс беті 772 бет болды. Мен онымен толық таныспадым. Менің құқығым бұзылды деп есептеп, шағым түсірдім. Бірақ сот оны қарастырмады. Сонымен бірге сотқа тек бір куә шақырылды. Сол күні қызмет көрсеткен даяшы сот отырысына шақырылмады. Сот отырысында бейнематериал көрсетілді. Көлемін үлкейтіп қарап, інімнің ешқандай да қауіп төндірмегенін дәлелдегім келді. Өтінішімізді қараусыз қалдырды, судья ешқайсысын елемеді. Мен әрі қарай апелляциялық шағым түсіремін. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінен 99-бабы 2-бөлігімен қайта саралауды да сұрадым, - деді жәбірленуші Бағлан Жарқынбайұлы.

Оның айтуынша, сотталушының ата-анасы бетпе-бет отырып кешірім сұрамаған, тек телефон арқылы хабарласқан.

Айта кетейік, сотта бес жәбірленуші болды. Ол марқұм кеншінің екі баласы мен әйелі, анасы мен туған бауыры. Жәбірленушілер 100 млн теңге моральдық зиянды өтеуді сұрады. Сот анасы мен бауырының әрқайсысына 7 млн теңге, ал отбасына жалпы 10 млн теңге өндірді.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотта мемлекеттік айыптаушы 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Ақтөбеде жол апаты кезінде үш кенші қаза тапты.