Ақтөбеде арзан тауар аламын деп алданып қалғандар көп
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеліктер интернет арқылы арзан тауар сатып алмақ болып, ақшаны белгісіз жаққа аударып жатыр. Полиция қызметкерлері оңай олжаға кенелмек болған тұрғындардың қаржысы Ресей асып, АҚШ-қа жеткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беріп, тауарсыз, ақшасыз қалып жатқандар бар. Олар алданғанын кеш біліп, полицияға хабар береді. Бірақ шетел асып кеткен қаржыны кері қайтару мүмкін емес.
«Интернет арқылы арзан тауар алуға құлшынысы бар адамдар алданып жатыр. Егер интернет арқылы тапсырыс бергіңіз келсе, алдымен ол дүкен туралы жан-жақты ақпарат жинап алған жөн. Арам ойлы адам кез келген әлеуметтік желіні пайдаланып, хабарлама қалдыруы мүмкін. Тіпті, адамдарға жақсы таныс әлеуметтік желіні пайдаланады. Біріншіден, арзан тауар ұсынады. Екіншіден, Қазақстанда тез арада табылмайтын тауар сатамыз деп алдайды әрі оның бағасы нарықтағы құнынан төмен. Үшіншіден, банк қызметкеріміз деп телефон шалып, шотыңызға хакерлер шабуыл жасағанын хабарлайды. Сол кезде жеке мәліметтерді сұрап алады. Құпия мәліметтерді біліп алған соң ақша бірден шетелге аударылып жатыр»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаров.
Қаржы шекара, тіпті мұхит асып жатыр. Көрші Ресейге, АҚШ-қа аударылған деректер тіркелді.
«Көбіне АҚШ, Ресейге кетіп жатыр. Сонымен қатар, әлемнің кез келген түкпіріне ақша аударылған. Пәтер, көлік сатып алатындар да алданады. Сатушы шетелде жүргенін айтып, суреттерін жіберуге уәде береді. Пәтер ұнаған соң ақшаны аударып жібереді. Адамдарды сақ болуға, интернет арқылы тауар сатып алу кезінде жан-жақты ақпарат жинауға шақырамыз. Өйткені, Қазақстанда жоқ тауарды шетелден тез әкелу мүмкін емес»,- деді Е.Қалиақпаров.