Ақтөбеде арзандатылған дизель отынын бөлу кезінде бақылау күшейеді
Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты жиын өткізді.
Оған Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті, табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшылары, ірі жанармай құю станцияларының өкілдері қатысты.
«12 сәуірден бастап жанар-жағармай мен дизель отынының шекті бөлшек бағасы көтеріледі. Алдағы уақытта жасанды тапшылық жасауға немесе алыпсатарлықпен айналысуға ешкімнің құқығы жоқ. Біз қандай да бір заңсыз әрекеттер болмас алмас үшін тұрақты негізде мониторинг жүргіземіз. Бұл мәселе - облыс әкімінің жеке бақылауында», - деп атап өтті Мавр Абдуллин.


Еліміздің кейбір өңірінде жанар-жағармай тапшылығы тіркелді. Сондықтан Ақтөбеде қордағы мұнай өтінінің жалпы көлемі анықталды.
«Кәсіпкерлер 12 сәуірден бастап алған жаңа тауарды ғана өзге бағамен сата алады. Ал бұған дейін алынған мұнай өнімінің бағасын көтере алмайды. Қазір өңірде 14,5 мың тонна АИ-92 бар. Бұл көлем 30 күнге жетеді. Қолда бар 9 200 тонна дизель отыны 14 күнге жетеді. Баға жөнінде сөз байласу деректері анықталған жағдайда әкімшілік жауапқа тартылады», - деп ескертті Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің өкілдері көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Энергетика министрлігі 9,8 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлгенін мәлімдеді.
Ақтөбелік фермерлерден егіс жұмыстарына 562 өтінім келіп түскен, 280 тонна игерілді.
Экономикалық тергеу департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп, арзандатылған дизель отынын тиімді бөлу жұмысын қадағалайды.
