Ақтөбеде асыл тұқымды иттер көше кезіп жүр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде көше кезген бұралқы иттер арасында бұрын үй күзеткен асыл тұқымды алабай, төбеттер көбейген. Бұл туралы ветеринария басқармасының өкілі айтып берді.

иттер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Итті аулау, күтіп ұстау, стерильдеу және бірдейлендіру жұмысы үшін биыл 101 млн теңге қарастырылды. Оның 57 млн теңгесі бұралқы итті аулауға жұмсалады. Ақтөбе қаласының өзінде 10 бригада аулау жұмысын жүргізіп жатыр. 

- Адамға қауіпті, қоғамдық орындарда қатер төндірген иттерді арыз-шағым бойынша аулайды. Облыс бойынша жануарларды уақытша ұстауға арналған бір ғана орны бар. Ол да жеке. Мұнда әкелінген ит 12 күнге қамалады. Таңба» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, стерильдеу жүргізіледі, вакцина салынады. Егер иттің жағдайы жақсы болса, аулап алған жерге апарады. Былтыр Ақтөбе қаласы бойынша 15 мың ит ауланды. Оның 299-ын стерильдеп, өз мекеніне жіберді,- деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы бөлімінің басшысы Шахидулла Рахимов.

иттер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, тасқын кезінде де көп ит далада қалған. 

- Адамдардың үйі суға кетті, жаңа баспанаға көшті, ал ит иесіз қалды. Салқын түскенде де олар құлаған үйлерінің жанында жүрді. Қазір қала ішіндегі көшелерге кірген әрі иттің ұйығу уақыты бұл. Иттің көбею себебі – адамдар үйіне камера қондырады. Ал итін бос жіберген, қарамаған. Оған дәлел – қалада алабай, төбет секілді асыл тұқымды жануар жүр. Олар бұған дейін үй күзеткен. Сонымен бірге бұрын ит төбелестірді, қазір тыйым салынған, қызығушылық жоқ. Соның бәрі шығарылып жатыр. Адамдар хабарласқанда «алабай жүр, неміс овчаркасы жүр» деп айтады,- деді Шахидулла Рахимов.

Еске салсақ, Мұғалжар ауданы Жұрын ауылында бұралқы иттер қой-ешкіні тартып кетті.

Соңғы жаңалықтар