Ақтөбеде астық сақтайтын қоймалардың әзірлігі тексеріліп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл дәнді дақылдан 600 мың тонна, майлы дақылдан 55-60 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Ақтөбеде 585 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 414 мың гектары дәнді дақыл, 60 мың гектары майлы дақыл, 104 мың гектары мал азығы болса, өзгесі бау-бақша дақылы.
— Егістің жағдайы жақсы. Дәнді дақылдар бойынша 75%, майлы дақылдар бойынша 81% жақсы деңгейде. Дәнді дақылдар гүлдеу, масақтану сатысында тұр. Күзгі егін жинауға дайындық жасалып, 6,1 тонна дизель отыны бөлінді. Литрі — 250 теңге. Қазір астық сақтау қоймаларының техникалық талаптарға сәйкестігі, материалдық-техникалық базасы тексеріліп жатыр. Облыс бойынша сыйымдылығы 381 мың тонна болатын 7 элеватор, шаруашылықтарда 304 мың тонна болатын қоймалар бар. Өнімді сақтауға толық жетеді. Ауа райын ескерсек, орта есеппен 600 мың тонна дәнді дақыл, 55-60 мың тонна майлы дақыл өнімі жиналуы мүмкін, — деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев.
Былтыр 550 мың тонна дәнді дақыл, 55 мың тонна майлы дақыл өнімі жиналды.
Еске салсақ, Ақтөбеде 806 мың гектар алқапта көктемгі далалық жұмысын жүргізуді жоспарлаған еді.