Ақтөбеде ас тұзы тапшылығы сезіле бастады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қала тұрғындары ірі супермаркеттерден ас тұзын таппай жүр. Ал шағын дүкендерде келісі — 100-120 теңге.
Ақтөбе қаласының тұрғындары ірі супермаркет сөрелерінен тұз таппай жүр.

Бұған дейін Қызылордадан әкелінген тұздың келісін 97-100 теңгеге сатып алса, қазір тек тұрғын үй маңындағы шағын дүкендерден ғана табылады. Мұнда келісі 100–120 теңге болып тұр.

— Ресейден тұз тасымалдау кезінде логистикалық мәселе бар. Бұл жақын арада шешіледі. Қазіргі кезде «Дина» супермаркеттер желісінде Соль-Илецк тұзының қоры — 67 тонна. Ал Арал тұзының қоры — 5 тонна. Келесі аптада тағы 60 тоннасы жеткізіледі. Ал «Анвар» супермаркеттерінің қорына Арал тұзы жеткізілді. Қазіргі кезде жөнелтіліп жатыр. Ертең сөреге қойылады, — деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.

Еске салсақ, қараша айының соңында Орал қаласындағы дүкендерде тұз тапшылығы туындады. Мұнда тұздың негізгі бөлігі көршілес Орынбор облысы Соль-Илецк қаласындағы «Руссоль» жауапкершілігі шектеулі қоғамынан жеткізілген. Енді Қызылордадан тасып жатыр.