Ақтөбеде асыранды балалар білім бөліміне көмек сұрап барды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 14 баланы қамқоршылық тәрбиеге алып отырған Светлана Мусинаның отбасында шу шықты. Үш бала қалалық білім бөліміне барып, арыз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде асыранды балалар білім бөліміне көмек сұрап барды

Ақтөбе қаласы Қызылжар ауылында тұратын Светлана Мусина 1996 жылдан бері ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды бауырына басып отыр. Содан бері 20-ға жуық баланы тәрбиелеп өсірді. Ал қазір оның қамқоршылығында 14 бала бар. Үшеуі таяуда Ақтөбе қалалық білім бөліміне барып, арыз айтып, үйінен қашып кеткен.

«Өткен жылы ағалы-қарындасты Арсен мен Каринаны қамқорлығыма алған болатынмын. Оларды аналары тастап кеткен. Ал Алена бұрыннан менің жанымда. Арыз айтатын күні олар қоғамдық көлікке мініп, сабақтан соң қалалық білім бөліміне барған. Өзім балаларды түсінбей, көп қиналдым. Бір рет Арсен үйден кетіп қалып, бейімдеу орталығында екі ай жатты. Сол кезде психолог мамандар «бір рет үйінен кеткен бала сол қылығын қайталайды» деп ескерту жасаған еді. Міне, тағы қайталанып, елдің алдында ұятты болдым. Арсен супермаркеттен тәтті ұрлап, екі рет ұсталды», - деді балалардың асыраушысы Свелтана Мусина.

Қазір үйінен қашып кеткен үш оқушы Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жатыр. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ағырыс Шағырованың айтуынша, тексеру жұмыстары жүргізіледі. Мекеме мамандары «анам ұрды» деген шағымды да қадағалауға алады. Психологтар балалармен сөйлесіп, отбасындағы жағдайды анықтайды.

«Асырап отырған ата-анамыз бізді ұрған жоқ. Егер бір нәрсені дұрыс істемесек, ескертеді, ұрысады. Анам да, әкем де жақсы адамдар. Ай сайын жалақы алғанда қажетті заттар сатып алып береді», - деді Мусиндер отбасының тәрбиеленуші Николай Тучин.

Айта кетейік, балалардың отбасына қайта оралуы немесе жетімдер үйінде қалуы комиссия шешімінен соң анықталады.