Ақтөбеде әткеншектен құлап қалған бала көз жұмды

Әткеншек
Фото: Pixabay.com

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында 9 жастағы ер бала әткеншектен құлап көз жұмды. Ол құлаған кезде ашық бас-ми жарақатын алған.

Оқиға кеше кешкілік болған. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 19:02–де шақырту түседі. Ол кезде денесі құрысып жатыр деп хабарланды. І-санаттағы шақыртуға жедел жәрдем бригадасы сағат 19:09–да жеткен. 

— Жедел жәрдем бригадасы жеткен кезде бала ес-түсін білмейді. Көршілері жүрегіне массаж жасаған. 103 қызметінің мамандары бірден реанимацияға кірісіп, 30 минут бойы құтқаруға тырысты. Бірақ ол нәтиже бермеді. Сағат 19:41–де ми қызметі тоқтады. Қойылған диагноз: ашық бас-ми жарақаты, бас сүйегінің негізгі бөлігінің, мойын омыртқасының жабық сынуы. Сонымен бірге 103 қызметі жеткенше жүрекке массаж жасалғаны белгілі. Сол кезде қабырғасы зақымданып, өкпеге ауа жетпей қалған, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, осы оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің 306 бабы 3 бөлігімен, яғни, «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша іс қозғалды. Қазір сот алды тергеу жүріп жатыр.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тұрғыны 7 айлық сәбиінің өлімінен соң дәрігерлердің жазалануын талап етіп отыр. Баланы таксимен тасымалдап, орталыққа хабар бермеген ақ халаттыларға қатаң сөгіс жарияланды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram