Ақтөбеде ауадағы зиянды заттардың мөлшері шекті деңгейден асты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе, Хромтау қалалары мен Темір ауданының Шұбарши ауылында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары және өте жоғары деп бағаланды. Елді мекендерде азот диоксиді мен күкіртсутек мөлшерінің артқаны анықталған.

ауа сапасы
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Қазгидромет» РМК атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізіп, тамыз айының қорытындысын шығарды. Мониторинг кезінде 69 елді мекен қамтылды. Оның ішінде 34 елді мекенде атмосфералық ауа ластануының төмен деңгейі тіркелсе, алтауында жоғары, үшеуінде өте жоғары деңгей тіркелді. Жоғары және өте жоғары деңгейдің арасында Ақтөбе, Хромтау қалалары мен Шұбарши ауылы бар.

— Атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздері — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақойлАктөбе» ЖШС, «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» және «Дөң кен-байыту комбинаты» АҚ «Қазхром» ТҰК филиалдары, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Ақтөбе ӨЭМ» АҚ, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ. Ілеспе газды жағу шығарындыларының үлесі 11,67 мың тонна болды. Алау қондырғыларынан шығатын барлық шығарындылардың 97 пайызы мұнай және газ өндіретін, қайта өңдейтін 3 кәсіпорын үлесіне тиесілі. Олар — «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақойлАктөбе» ЖШС және «Аман Мұнай» ЖШС, — деп көрсетілген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.

Ақтөбе қаласы бойынша 6 бақылау бекетінен деректер анылған. Оның үшеуі автоматты станса болса, үшеуін мамандардың өздері жүріп анықтайды. Қалада азот диоксиді, күкіртсутек жоғары. Сонымен бірге Хромтау қаласында күкіртсутек жоғары, Шұбарши ауылында күкіртсутек өте жоғары деңгейге жеткен.

— Темір ауданы Шұбарши ауылында биыл күкіртсутектің артуы бойынша 54 жағдай тіркелді. Бұл қатарынан 50 күн бойы ауа ластанды дегенді білдірмейді. Автоматтандырылған станса әрбір 20 минут сайын өлшем жүргізеді. Бір рет күкіртсутек шығарындысы болса, оны бірнеше рет тіркеп, саны артуы мүмкін, яни екі сағатта 6 жағдайды тіркеп, осылай көрсетіп тұрады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық экология департаменті.

Айта кетейік, бүгін ел бойынша 14 қалада ауа сапасы нашарлайтынын жазғанбыз.